Олар бүгін сайлау учаскелерінде бақылаушы болып отыр
Партиялық емес бақылау орталығы бүгінгі сайлауды бақылауға 20 мыңға жуық бақылаушы дайындады. Бұл туралы бүгінгі брифингте Партиялық емес бақылау орталығының жетекшісі Бану Нұрғазиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, бақылаушыларды оқыту 2020 жылдың 1 желтоқсанында басталған. Оған сайлауда бақылау жасауда тәжірибесі мол жаттықтырушылар тартылды.
«Біз бақылаушыларды оқытуға Орталық сайлау комиссиясының өкілдерін де тарттық. Себебі олардың тәжірибесі мол. Біздің бақылаушылар жоғары білікті. Олар сайлауға сайлау заңнамасының барлық талабын біліп келіп отыр. Партиялық емес бақылау орталығы 2020 жылдың желтоқсанынан бері 20 мыңға жуық бақылаушыны дайындады. Бүгін кейбір сайлау учаскелеріне екі өкілден бақылаушы қойдық», – деді Б.Нұрғазиева.
Айта кетейік, Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен Мәслихаттарын сайлау өтіп жатыр. Оған елімізде тіркелген 5 саяси партия кандидаттары қатысып жатыр.