Сайлауда әзірге заңсыздық тіркелмеді – бақылаушы

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр

Фото: Батыр Беспаев

Өскемен қаласындағы №29 сайлау учаскесінде «Nur Otan» партиясы атынан бақылаушы болып отырған Еркежан Досмұхамбетова дауыс беру пункттерінде COVID-19 режиміндегі барлық сақтық шаралары сақталып жатқанын хабарлады. Бақылаушының сөзінше, саяси оқиғада өз таңдауын білдіруге келіп жатқан халықтың қарасы көп.

«Сайлау науқаны тұрақты түрде өтіп жатыр. Ешқандай келеңсіз жағдайлар тіркелген жоқ. Тәртіпсіздік, ережеге бағынбау болған жоқ. Біз сағат сайын дауыс бергендер туралы мәліметтер жіберіп отырамыз. Сағат 10.00-ге дейін 125 адам дауыс берді. Біз «Нұр Отан» партиясының атынан отырмыз. Кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс беру жалғасады. Қазіргі таңда 4 сарапшы-бақылаушы отыр. Әр партияның атынан келіп отырған сенімді өкілдер бар», - деді Еркежан Бақытжанқызы.

Айта кетерлігі, Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия кандидаттары қатысып жатыр. Олар: «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және «Қазақстанның Халық партиясы».

Сымбат Ғалымжан