Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 10 мыңнан аса сайлау учаскесінде өтіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде бүгін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау басталды

көрнекі фото

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 10 060 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Бұл туралы Орталық сайлау комиссисы төрағасының бірінші орынбасары Константин Петров мәлімдеді.

«Елорда уақытымен таңғы 8.00-дегі жағдай бойынша облыстық, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес республикадағы барлық 9994 сайлау учаскесі және шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанындағы 17 сайлау учаскесі өз жұмыстарын бастады. Сондай-ақ шет елдердегі тағы 49 сайлау учаскесі дауыс беруге уақыт белдеуінің айырмашылығын ескере отырып кіріседі», - деді Константин Петров.

Сонымен қатар, 9 қаңтар күні сағат 18.00-де дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру аяқталды. ОСК хабарлағандай, учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылардың өтініші бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлауға дауыс беру құқығын беретін 10 599 есептен шығару куәлігі берілді.

«Осы куәліктер бойынша азаматтар бүгін келген жеріндегі кез келген учаскеде дауыс бере алады. Мәслихаттар депутатын сайлау бойынша дауыс беру құқығын беретін 11 612 есептен шығару куәлігі берілді», - деді ОСК төрағасының бірінші орынбасары.

Белгілі болғандай, дауыс беру жүйесі басталғанға дейін сайлаушылар тізіміне 11 млн 915 мың 903 адам енгізілді.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан