Алматы облысында күре жолдар жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста боран күшейді

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында ауа райы нашарлап, боран күшейді. Күннің күрт суытуына байланысты облыстағы «Үшарал -Достық» тасжолы жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Қатты боранның кесірінен жолда қалып қойған көліктер бар. Құтқарушылар 5 жүк көлігі мен бір жеңіл көлікті қардан шығарып, 12 адамды құтқарып қалған. Қазіргі уақытта жабық жолдағы қардың қалыңдығы үш метрге жеткен. Коммуналды қызметтер қарды тазартып үлгермей жатыр. 

«Облыс тұрғындарына алыс сапарға шықпау керектігі туралы және ауа райының нашарлығы туралы ескертпелер жіберілді. Аудан аралықтарында арнайы посттар қойылды. Қазір жабық жолдағы желдің жылдамдығы секундына 25 метрді құрайды», - дейді Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.