Атырауда биіктігі 91 метрлік алып тутұғыр орнатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандағы ең биік тутұғырлардың біріне салтанатты түрде 29 метрлік Ту ілінді

 

Атырауда Қазақстандағы ең биік тутұғырлардың бірі ашылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгін міне, қаламызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды алаңмен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан да ту біз үшін — қанымызда қайнаған намыс, руһты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып ту тігу - біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Қаламыздың көркін ашқан байрағымыз өңіріміздің айбынын асқақтата түсеріне сенемін», - деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Тутұғырдың биіктігі – 91 метр. Бұл жалауды үнемі көрініп тұруы үшін қолмен немесе электр жетегімен көтеретін көп қырлы болаттан жасалған дөңгелек конустық тірегі бар. Ұзындығы 80 метрлік тутүғыр субұрқақ пен доға пішінді эркерлік композициядан тұрады. Композицияның орта тұсында қоладан жасалған Қазақстан Республикасының картасы, жоғарғы жағында Елтаңба, ал шеткі бөліктерінде Әнұран жазылған. Конус пішінді тутұғырға салтанатты түрде 29х14,5 метр болатын Ту ілінді. Енді еліміздің мемлекеттік рәміздері орналасқан алаңда маңызды салтанатты шаралар өтетін болады.

«Компаниямыздың барлық қызметкерлері атынан баршаңызға Қазақстан Республикасының Туында көрсетілгендей, мықтылық, молшылық пен бейбітшілік, сондай-ақ 2021 жылдың жақсылығы көп болсын деп тілеймін. Осынау еңселі тутуғыр баршамызды жылдар бойы қуанта берсін!», - деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер.

Аталған тутұғыр құрылысы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың «Игілік» бағдарламасы аясында, «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен жүзеге асырылғанын айта кету керек.

Нысан қауіпсіздігіне тоқталатын болсақ, «Ең алдымен сапаны бақылау шаралары күшейтілді, жаңартылған тутұғырды әртүрлі елдерден келген бірнеше маман қайта тексеріп шықты, сондай-ақ АҚШ инженерлері тұғырдың компьютерлік моделін жасап, оны әртүрлі ауа-райына, атмосфера мен желдің жылдамдығына қатысты төзімділігін сынап көріп, техникалық қызмет көрсетудің ең қауіпсіз нұсқауларын анықтады», - деді «Кастадор» жоба менеджері Эдвард Иль.

Мердігер тұғыр айналасындағы 6500 шаршы метрге жасыл гүлзарлар, бұталы қоршау болатын 8500 бұталы көшеттер, 44 қылқан жапырақты және 70 жапырақты ағаштар отырғызып, ескерткішке іргелес аумақты раушан гүлдермен безендіруді жоспарлап отырғанын айтты. Жасыл желектерді суару үшін датчиктермен жабдықталған автоматтандырылған жүйе қолданылады, ол миллилитр дәлдігімен өсімдіктерге қажетті су мөлшерін анықтап, оны тікелей ағаштардың тамыр жүйесіне жеткізіп отырады.