Форель, сиг және басқа да қымбат балықтарды Қазақстанда өсіру үшін не істеу керек

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы 10 жылда қымбат балық түрлеріне қажеттілік 2,5 млрд дананы құраған

Фото: ашық дереккөзден

«Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту» мәселесі бүгін Үкімет отырысында талқыланды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев форель, сиг сияқты қымбат балықтарды өсіру үшін 4 селекциялық генетикалық орталық құрылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Балық өсіру аймағы үшін 2 бірлік селекциялық генетикалық орталық 2022 жылы, тағы 2 бірлік орталық 2024 жылы құрылады.

«Сондай-ақ, 2022 жылы форель және сиг балықтары үшін 2 жаңа питомник салу көзделіп отыр. Бұдан басқа, 4 мемлекеттік балық питомнигінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (ГЧП) тетігін енгізу жоспарлануда. Бұл модернизациялауға, қуаттылықты ұлғайтуға және балық өсіру материалдарының түрлерін диверсификациялауға бағытталған кешендерді дамыту мақсатында іске асады»,- деді министр.

Бүгінгі таңда елімізде  15 (4 мемлекеттік және 11 жеке) балық питомнигі бар. Олар карп тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын 12% және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66%-ға қамтамасыз етеді.

Айта кетерлігі, бұл мақсаттар жүзеге асса, аталған қымбат балық түрлері бойынша импортқа тәуелділік азаяды. Соңғы 10 жылда бұл балықтарға қажеттілік 2,5 млрд дананы құраған.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан