19 конкурсант финал алдындағы әсерлерімен және оның нәтижесі бойынша болжамдарымен бөлісті
Санаулы сағаттан кейін Польшаның Гливице қаласында басталатын «Junior Eurovision-2019» байқауына қатысушы жас әншілер баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
19 конкурсант финал алдындағы әсерлерімен және оның нәтижесі бойынша болжамдарымен бөлісті. Сондай-ақ сахнада көрсететін номерлері, алдағы мақсаттары және келешекте ересектерге арналған «Eurovision» байқауына қатысуға жоспарлары бар-жоғын айтып берді. Байқауда Қазақстан атынан сынға түсетін Ержан Максим тығыз кестесіне қарамастан, бүгін сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік бірқатар БАҚ-қа сұхбат берді.
«Менің ойымша, биылғы байқауда Ержан ең жарқын персонаждардың бірі. Расымен де, одан сұхбат алғысы келетіндер өте көп. Осы уақытқа дейін аустралиялық екі басылымға, International радиосына және бельгиялық радиоға сұхбат бердік. «Eurovision» байқауы туралы хабар тарататын блогерлердің де Ержанмен тілдесуге қызығушылығы жоғары. Комментарийлерді күнде аламын. Немесе маған таянып: «Сіздердің Ержан сондай сүйкімді, ашық, харизмасы жоғары» деп айтады», - дейді «Хабар» агенттігінің PR-менеджері Жазира Дүйсембекова.
Бүгін, сағат 21.00-де басталатын «Junior Eurovision-2019» байқауын онлайн-аудитория және қазылар алқасы саралайтыны белгілі.Сарапшы топ өз шешімдерін тікелей эфирден бір күн бұрын, яғни кеше шығарып үлгерді. Бүгін – көрерменнің кезегі. Қазылар алқасы – 19 елдің өкілдерінен құралған топ. Оған әр қатысушы мемлекеттен 3 кәсіби музыка маманы мен 2 жас жеткіншек кіреді. Олардың дауыстары жалпы дауыстың 50 пайызын құрайды. Қалған 50 пайызы – көрермендердікі.