Антикор Қаржы вице-министрінің ұсталғаны жайлы ақпаратты растамады

Автор: Azattyq Rýhy

Тіпті, жоққа да шығарған жоқ

Руслан Еңсебаев, Қаржы вице-министрі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты журналистердің сауалына жауап берді.

«Жақында әлеуметтік желілерде қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Қаншалық рас ақпарат? Шын болса, вице-министр қандай қылмыстық іс бойынша ұсталды? Не үшін айыпталып отыр?», - деп сұрады тілшілер.

Агенттік төрағасының орынбасары бұл сұраққа жауап бергісі келмейтінін жеткізді. Дегенмен, вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа да шығармады.

«Бүгін нақты бір қылмыстық істер мен тергеу шараларына қатысты пікір білдіргім келіп тұрған жоқ. Оның үстіне Қылмыстық-процессуалды кодекстің 201-бабында көрсетілген талаптар бар. Сондықтан қазіргі кезде ақпарат жариялауға жатпайды», - деді Бектенов.

Еске сала кетейік, 30 қарашада Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Ол кезде де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.