Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 8 млрд теңге бөлінген
Алматы облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы бастамасын іске асыру мақсатында 7 спорттық нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Биыл өңірдің әр аймағында спорт нысандары іске қосылады. Ғимараттың жалпы ауданы 29,5 шаршы метрге жуық. Мұндай нысанның бой көтеруіне 8 млрд теңгедей қаражат жұмсалған.
Салауатты өмір салтын насихаттау және спорт нысандарының құрылысының жаппай қарқын алуына ықпал ету мақсатында Райымбек, Ескелді, Балқаш, Көксу, Ұйғыр, Қарасай, Ақсу аудандарында кешен салынып жатыр.
«Өңірімізді дамыту жолында келелі істер атқарылды. Біздің басты міндетіміз - өскелең ұрпақтың салауатты рухын қолдауға ықпал ету. Жақын арада 7 заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашуды жоспарлап отырмыз. Оның төртеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында. Олар денсаулықты нығайтуға ықпал етіп, белсенді спортпен шұғылдануға және ДСК қабырғасында болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге көмектеседі деп ойлаймын», - дейді Амандық Баталов.
Айта кету керек, жаңа сәулет құрылыстары биылғы жылдың соңына дейін Алматы облысының тізіміне қосылады. Өңірде ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінеді, өйткені 400 мың жастың 320 мыңы ауылда тұрады. Ал ауылдық жерлерде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2022 жылға қарай өңір барлық 17 аудан мен 3 қаланы заманауи спорт орталықтарымен қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ағымдағы жылы 6 спорттық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін күрделі және ағымдағы жөндеу кіреді.