Перзентхана жанында тәулігіне 100 адам қабылдай алатын әйелдер консультациясы бар
Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы облысы Жамбыл ауданында жаңа перзентхана ашылды. Перзентхананың құрылысына бюджеттен 4,9 млрд теңге жұмсалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тәулігіне 100 адам қабылдайтын əйелдер консультациясы бар жаңа перзентхананың ашылуы өңірдегі ана мен бала денсаулығы күтімін жаңа деңгейге көтеруі тиіс.
«Желтоқсан айы - мерекеге толы берекелі ай. 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай бірқатар нысанды іске қостық. Талдықорғанда студенттерге арналған жатақханалар, аудан, қала тұрғындарына жаңа үйлер салынып, пайдалануға берілді, басқа да әлеуметтік маңызды нысандар көптеп ашылуда. Бүгін, міне, Ұзынағашта жаңа перзентхананы іске қосып отырмыз. Бұның бәрі Тәуелсіздіктің тартуы. Елбасы мені әкім етіп тағайындағаннан кейін облыстағы өзекті деген бірқатар мәселені шешуге қолдау көрсету туралы ұсынысымды Үкіметке жеткізген едім. Сол қатарда осы Ұзынағаш ауылына жаңа перзентхана салу қажет деген ұсынысымыз қолдау тауып, республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге қаржы бөлінді», -деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Облыста жыл сайын 50 мыңдай бала өмірге келеді. Бұл өңірдегі демографиялық өсімнің жоғары екенін көрсетеді. Ал аудандық орталық аурухана жанынан ашылып отырған бұл мекеменің басты мақсаты ана мен балаға қамқорлық жасауды жаңа деңгейге көтеру. Медициналық мекемеде жұмыс істейтін жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік курстарға жіберу және оларды баспанамен қамту жұмыстары тұр.
«Елбасының алдымызға қойған міндеті де, Президенттің берген тапсырмасы да – тұрғындардың денсаулығын сақтап, сапалы медициналық қызмет көрсету, халықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету. Жас мамандарды баспанамен қамту ісі тұрақты назарда болуы керек. Қажет болса, Ұзынағаштан арнайы жер бөліп, жас мамандар үшін тұрғын үйлер саламыз. Сосын перзентханада орнатылған әрбір жаңа медициналық аппараттармен жұмыс істеу машығын жетілдіру үшін медицина мамандарын біліктілігін көтеру курстарына, қажет болса шетелге де жіберіп үйретуіміз керек. 2021 жылға осы бағытта арнайы жоспар жасаңдар, қаржы бөлеміз», - деді А. Баталов.
Бұрын аудандық аурухананың бір қабатында орналасқан 55 төсекке лайықталған бөлім - қазір аурухана жанында өз алдына жеке ғимараты бар перзентханаға айналды. Аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужановтың айтуынша, ауданда 2019 жылы 4600 бала өмірге келсе, биыл жыл соңына дейін сәбилер саны 5 мыңға жетеді деп күтілуде. Перзентханада 12 Кувез аппараты, 24 фототерапия аппараты, 8 ИВЛ аппараты және басқа да барлық қажетті құрал-жабдықтар түгел. Бұрын мұнда 48 қызметкер болса, қазір мамандар саны 119-ға жеткен. Жұмысқа келіп жатқан жас мамандар да бар.
«Атап өтсек, облыс бойынша кислород стансасымен қамтылған ауруханалардың бірі – осы Жамбыл аудандық ауруханасы. Соған сәйкес ғимараттың дәліздеріндегі мыс трубалар арқылы кислород перзентхананың әр палатасына жеткізілген. Бұл - індеттің таралу қаупі әлі сақталып отырған бүгінгі кезеңде аса маңызды мүмкіндіктердердің бірі. Бұл нысанда жүкті жəне босанған əйелдерге, жаңа туған сəбилерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетіліп, патологиялық жағдайларды диагностикалау, акушерлік-гинекологиялық кеңестер беру қызметтері көрсетіледі. Ғимараттың іші індет кезінде өзекті саналатын антибактериалды фильтрлермен жабдықталған климаттық және желдеткіш құралдарға қосылған», - деді Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігері Сабира Мұсабаева.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы