Елордадық колледждің оқытушылары Тоқаевтан көмек сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Гуманитарлық колледж 1928 жылы құрылған

Нұр-Сұлтан гуманитарлық мемлекеттік колледжінің оқытушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім министрі Асхат Аймағамбетовтен араша сұрады. Олар оқу орнының «Астана» халықаралық университетінің сенімді басқаруына берілуіне үзілді-кесілді қарсы. Нақты талаптарын тізген колледж қызметкерлері видеоүндеу жолдауға мәжбүр болғанын айтты.

«Колледждің жекеменшік оқу орнына сенімді басқаруға берілуіне қарсылық білдірген онлайн петициямызды 10 мыңға жуық адам қолдап отыр», - дейді ұстаздардың бірі.

2019 жылдың 19 тамыздағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты бойынша Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Гуманитарлық колледжін» «Астана Халықаралық университетінің» сенімді басқаруына беру көзделген. Оның ішінде колледжге тиесілі жер учаскесі, оқу корпусы, жатақханалар мен барлық кадрлық құрам және студенттер де бар екен.

Қала әкімдігінің 2020 жылдың 11 қыркүйектегі гуманитарлық колледжді қайта ұйымдастыру туралы қаулысымен оқу орны Қоғамдық тамақтану және сервис колледжіне қосылып, білім басқармасының 13 қарашадағы бұйрығымен колледж директоры мен директордың барлық орынбасары жұмыстан босатылған. Оқу жылының ортасында колледж басшысыз қалды.