Қазақтар Нью-Йоркте әлем елдері суретшілерінің байқауын ұйымдастырды

Автор: Azattyq Rýhy

Сайысқа 60-қа жуық мемлекеттің суретшілері қатысқан 

Америкадағы қазақтар «Жасыл планетада саяхаттау» тақырыбымен суретшілер көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Нью-Йоркте өткен көрменің тұжырымдамалық мақсаты - табиғатты экологиялық проблемалардан қорғау. Шараны ұйымдастырушы композитор, суретші Берік Құлмамиров, жер шарындағы суретшілер көп адам байқай бермейтін экологиялық мәселелерді  бейнелеу өнері, өздерінің туындылары арқылы көрсеткілері келгенін айтады.  

Орегон университетінің түлегі Баян көрмеге екі картина әкелген. Көркемсурет өнері бойынша Америкада төрт жыл білім алған қазақ қызы картиналарын көбінесе кескіндеме жанрында салады. Ол теңіз түбінде қалыптасқан шынайы  өмірді көркем бейнеде көрсету үшін жаздың үш айын арнаған екен. Америкада білім алып жатқан қазақ қызы мұхит маржандарының жойылып бара жатқанын бейнелеген. 

«Мен өз туындым арқылы теңіз, мұхит маржандарының экологиялық апатқа ұшырап жатқанын көрсеттім. Маржандар бағалы зат қана емес, суасты тіршілік иелеріне қажетті химиялық элементтерді бөліп тұрады. Мен өзімнің суреттерімде мұхит экожүйесін және коралл рифтерінің алуан түрлілігін зерттеймін. Коралдарды егжей-тегжейлі бейнелеуге тырыстым, теңіз өмірінің динамикасын бейнелеу үшін климаттың өзгеруі туралы хабарламаларды ашық түстермен жеткізуге, дуалистік иллюзия жасауға тырыстым. Біріншіден, бұл қоршаған орта туралы хабардар болуға және мұхиттарымызды қорғауға тәрбиелейді. Менің суреттерімде судың ластануы, маржандардың құрып кетуі және артық балық аулау проблемасы талқыланады», - деді көрмеге қатысқан қазақ суретшісі Баян Қалысбекова.

Баян «Мақсатым – өз өнерімді көрермендердің мұхиттағы алуан түрлілікке деген қызығушылығын оятатын көрнекі ескерту ретінде пайдалану, ғаламшарымызды қорғау туралы ақпараттандыру және адамзат баласын қоршаған ортаға қатысты ақылға қонымды шешімдер қабылдауға шақыру» дейді. Ал адамдар ғаламшарға тек рухани көзқараспен қарағанда ғана жерді экологиялық апаттан құтқаруға болады деп санайтын бангладештік суретші көрменің алтын жүлдесін иеленді. 

«Менің картиналарымның идеясы – Жер-Анаға рухани көзқараспен қарау. Туындыларым діни нанымда салынбаған, адамды Жер шарының балалары деп алсақ, олар өздері өмір сүріп жатқан әлемнің экологиясын бұзбас бұрын ойлануалары тиіс. Жердің құрылымын көрсете отырып, қорғашан ортаны аялау тиіс екені көрсетіледі», -деді байқаудың алтын жүлдесін жеңіп алған Фархана Ахтер. 

Америкалықтар бейнелеу өнерін өте жоғары бағалайды әрі философиялық астары бар картиналарды алуға құмар дейді шараның кураторы. Көрмеге Ресей, АҚШ, Жапония, Франция сынды барлығы 60-қа жуық мемлекеттің суретшілері қатысқан. Байқау түрінде өткен көрмеде төрт мемлекеттің суретшілерін америкалықтар жоғары бағалап, дауыс берген.  

«Бұл - бүкіл әлем суретшілері қатысатын халықаралық көрме. Бұл шара суретшілерге өз жұмыстары арқылы ғаламшардың экологиялық проблемаларын көрсетуге мүмкіндік беру үшін ұйымдастырылған. Ел назарына ұсынылған  картиналардан табиғаттың сұлулығын байқап қана қоймай, ғаламшардың шынайы әдемілігін сақтауға  шақыру екенін ұғу қиын емес. Онлайн іріктеу жыл бойы жүргізілді. Финалға төрт суретшінің туындысы өтіп, олар өзара сайысқа түсті. Дауыс беру жасырын жүргізілді. Суретшілер дәстүрлі формальды презентациядан тыс өнер стильдерінің альтернативті қайталанбас түрлерін ойлап таба алады және ұсына алады. Суретшілер ұсынған жұмыс өте маңызды және көздің жауын алады, батыстық өнерсүйер қауымды қуантты», - деді көрменің кураторы Берік Құлмамиров.  

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы