Облыс бойынша бір тәулікте COVID-19-дың 155 жағдайы тіркелді
Павлодар облысының Шарбақты, Успенка және Аққулы аудан орталықтарына санитарлық бекеттер қойылды. Қазір жергілікті тұрғындардың кіруі мен шығуы шектеулі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ертең жедел штабтың шешімі бойынша Баянауыл ауданының Майқайың кентінде де карантин басталады. Онда аурудың жеті жағдайы анықталды. Жалпы облыс бойынша COVID-19-дың 155 жағдайы тіркелді. Өңірдегі эпиджағдай қауырт күйінде қалып отыр. Коронавирустың таралу көрсеткіші 10%-дан асты. Осы аптаның басынан бері 547 адам ауру жұқтырған. Сондықтан санитарлық дәрігерлер карантиндік шараларды күшейтуге мәжбүр. Эпидемиологиялық ахуалды бақылау үшін 176 қоғамдық мониторингтік топ жұмыс істейді.
«Біз Шығыс Қазақстан облысы сияқты «қызыл» аймақта тұрмыз. Негізінен, енгізілетін шектеулердің бәрі ШҚО-дағыдай болады. Жағдайдың әрі қарай қай бағытта өзгеруі эпиджағдайға байланысты. Өсім, ең алдымен, науқастармен байланысқа түскендер есебінен өсіп жатыр», - деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.