СҚО-да денесін күйік шалған жігіт қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Оның жанынан еріткіш заты бар жанып жатқан канистр табылды

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер түсініксіз жағдайда күйік шалған 23 жастағы жігіттің өліміне қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Оқиға СҚО-дағы Бескөл ауылында болған. Петропавлдың 23 жастағы тұрғыны төрт досымен жеке тұрғын үйлердің бірінде сауық құрған. Жолдастарының айтуынша, сол күні таңертең ол от жағатын үйге темекі шегуге шығады. Біраз уақыттан кейін ол жерден жанған күйі атып шыққан. Достары оны сөндіріп алып, бірден жедел жәрдем қызметін шақырған. Ал от жағатын үйден еріткіш заты бар жанып жатқан канистрді тапқан», - деп жазылған ақпаратта.

Зардап шеккен жігіт аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Ол сол күні кешке жансақтау бөлімінде көз жұмды. Сот-медициналық және өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Істің мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.