Даниал Ахметов министрлік пен «Азия авто» арасындағы дауға қатысты да пікір білдірді
Семей қаласы полиция басқармасының басшысы жақында қызметінен босатылады. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов ОКҚ-да өткен брифингте хабарлады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Семей қаласы полиция басқармасы мен ШҚО криминалдық полиция басшыларына қатысты шара қолдануды сұраған болатын. Оның айтуынша, лауазымды полиция басшылары пара алумен айналысқан. Облыс әкімі аталған мәселенің бақылауда екенін жеткізді.
«Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттарды жіті бақылауда ұстап, барынша зерттеуге тырысамыз. Алдағы уақытта Семей қаласы полициясының басшысы жұмыс орнын босататын болады», - деді Даниал Ахметов.
Алайда, облыс әкімі полиция басшысының қандай себеппен жұмыстан кететіндігін айтпады.
Сондай-ақ, брифинг барысында «Бипек Авто – Азия Авто» компаниясы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасындағы даулы мәселенің мән-жайы сөз болды. Өңір басшысы бұл проблемаға әлі нақты нүкте қойылмағандығын айтты.
«Қазіргі уақытта аталған кәсіпорын мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасында сот процесі жүріп жатыр. Аталған мәселе заңдық сипатқа ие. Жалпы соңғы 10 жыл ішінде компанияның мемлекет тарапынан 327 млн доллар көлемінде жеңілдік алғаны белгілі», - деді өңір басшысы.
Еске сала кетейік, осы жылдың мамырында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған кәсіпорынмен арадағы келісімшартты бұзғанын мәлімдеген еді.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан