ШҚО-да Сәбилер үйінің директоры ауру балаларға деп өз есепшотына ақша жинаған

Автор: Azattyq Rýhy

Мекеме басшысы іссапарға барған, бірақ оның іссапарға барғанын растайтын құжаттар жоқ

Фото: Батыржан Беспаев

Өскемендегі Сәбилер үйінің бұрынғы директоры Құралай Исенованың басы дауға қалды. Бұл оқиға ол осы қызметке тағайындалған соң арада үш ай өткенде басталған. Ол қоймадан мерзімі өтіп кеткен жаялықтарды көрген, оған қатысты шара қолданбаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Лидің айтуынша, мерзімі өткен бұл тауар жойылуға тиіс болатын.

Қазір Сәбилер үйінде осыған байланысты мұқият тексеру жүріп жатыр. Тексеру барысында Құралай Исеноваға қатысты бірқатар жайттың басы ашылды.

«Құралай Исенова жекеменшік қорды басқарған, онысы құжатпен расталып отыр. Қайырымдылық ұйымының құрылтайшы құжаттарымен қатар, Facebook парақшасы да бар. Ішінара тексерудің өзінде ауру балаларға және Сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қаржы аударатын есепшот Құралай Исенованың өз атына рәсімделген болып шықты. Алайда Сәбилер үйінің өз ресми есепшоты бар. Сондай-ақ, Құралай Исенова іссапарға кеттім деп есеп берген, бірақ оның іссапарға барғанын растайтын құжаттар жоқ. Демек, мұнда еңбек заңнамасы өрескел бұзылып тұр», - делінген басқарманың хабарламасында.

Мекеменің мәліметінше, қазір кішкентай баламен жұмыс істейтін адамдардың бір жаққа баруға моральдық құқығы жоқ, өйткені бұл өте қауіпті - олар коронавирус жұқтырып әкеліп, оны бүлдіршіндерге таратуы мүмкін.

«Құралай Исеновамен жасалған келісімшарт бұзылды. Ол сынақ мерзімінен өте алмады. Соңғы мәлімет бойынша, оның тағы бір себебі - қайырымдылық қаражатының мақсатсыз жұмсалуы. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу жүріп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы мекеменің ішкі жағдайын тұрақтандыру үшін тиісті шараның бәрін қабылдайды», - дейді Владимир Ли.

Сәбилер үйіне «Казцинк», «KAZminerals» сияқты ірі компаниялар үнемі демеушілік көрсетіп отырады екен. Оған қоса, мекеме қызметі үнемі облыс әкімдігінің бақылауында. Балаларға ештеңеге мұқтаж емес.

Тегтер: