Тоқаевтың сынынан кейін өңір басшысы жедел штаб отырысын өткізді
БҚО әкімі Ғали Есқалиев карантин жағдайында мейрамханалар мен сауда орындарының, адам көп жиналатын нысандардағы санитарлық талаптардың орындалуын бақылайтын мониторинг тобы мүшелерінің жұмысын сынға алды. Өңір басшысының айтуынша, мониторинг тобы мүшелерінің карантинді бұзушыларға қатысты бақылауды таңдап жүргізетіні жайлы шағымдар мен хабарламалар көбейген. Бұл туралы uralskweek.kz хабарлайды.
«Менде барлық жағдайды тіркемейтіндіктеріңізге және барлығына бірдей айыппұл салмайтындарыңызға қатысты ақпарат бар. Егер бұл ақпарат расталса, онда мен мониторинг тобының барлық қызметкерін жұмыстан шығару туралы мәселе көтеремін. Құқықбұзушылар жауапкершіліктен жалтару үшін танысын пайдаланады. Мен мониторинг тобының мүшелерін қызметтен босату туралы мәселені тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына жолдаймын. Біріне айыппұл салып, бірін кешіреді деген ақпарат келді. Әсіресе, полиция басшылығынан мониторингтік топтарға енген жергілікті полиция қызметкерлерінің қалай іріктелетінін сұраймын», - деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев 17 қарашада өткен коронавирусқа қарсы жедел штаб отырысында.
Облыс басшысы мониторинг тобы мүшелеріне жасырын той өткізу үшін жалға берілетін коттедждерді де анықтау қажетін ескертті.
«Үйлену тойы, садақа, мерейтой өткізу үшін қысқа мерзімге жалға берілетін коттедждердің жарнамасы көбейді. Осындай хабарландыруларға үнемі монитоинг жүргізіп, құқықбұзушылықтың алдын алу керек», - деген ол.
Еске сала кетейік, 16 қазанда Президент Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыс әкімдерімен кеңес өткізіп, коронавирусқа қатысты жаңа деректерді жасырған өңірлерді атады.
«Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді», - деді ол.