Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің әкесі қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаралы хабарды Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі жеткізді.

Жұманғали Дәуітұлы, фото: ашық дереккөзден

Федерация басшылығы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке әкесі Жұманғали Дәуітұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

«Біз, бүкіл спорт қауымдастығы, қайғыңызға ортақтасып көңіл айтамыз, осы қиын сағаттарда сізді қолдағымыз келеді. «Әке –асқар тау» деп тегін айтпаған. Әкеңіз ер мінезді - Сәпиевтер отбасының тірегі еді. Әкеңіз туралы естеліктер, онымен бірге болған барлық жарқын сәттер осы қиын күндерде тірегіңізге айналсын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін», - делінген хабарламада.

Ашық дереккөздерде Олимпиада чемпионының әкесі Жұманғали Дәуітұлының зейнет жасына дейін шахташы болып жұмыс істегені айтылған.

2005, 2007 жылы бокстан әлем чемпионы, 2012 жылы Олимпиада чемпионы атанған Серік Сәпиев 2017-2019 жылдары Мәжіліс депутаты, 2019 жылдан бастап комитет басшысы болып қызмет атқарды. 21 тамызда Серік Сәпиев бала күтіміне байланысты 4 айға еңбек демалысын алғанын хабарлады