Алматыда қар тазалауға 1200-ден астам жұмысшы шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Мегаполисте 5 см дейін қар жауды

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда қар тазалауға 1200-ден астам жұмысшы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 
Алматыда 16 қараша күнгі сағат 17:00-де жауа бастаған қар 17 қараша сағат 04:20 шамасында тоқтады. Осы аралықта қалада 4-5 см, таулы аудандарда 8-10 см дейін қар түскен. 

Көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауа бастағаннан жолдарға, қиылыстарға, жол айрықтарға таюға қарсы материалдар себіліп, қар тазалау жұмыстары жүргізілді. 

Аудандық әкімдіктерде қар тазалау жұмыстарын қадағалау бойынша тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. 

Түнгі уақытта 498 бірлік техника, оның ішінде 155 құм себу көлігі, 490 жұмысшы жұмылдырылды. 17 қараша күні 549 техника мен 1298  жұмысшы жол тазалауда. 

17 қараша күнгі 06.00-ге дейін тайғаққа қарсы 5272 тонна материал пайдаланылды. 

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер жолын, қоғамдық көлік аялдамаларын, тұрақ «қалташаларын», саябақтар мен скверлерді тазалау жұмыстары жалғасуда.