Қазақстандықтар желтоқсанда және Жаңа жыл мерекесінде қанша күн демалады
Қыстың алғашқы айында еліміз екі бірдей мерекені атап өтеді
Желтоқсан айында қазақстандықтар екі мерекені – ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күнін атап өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша, ел тұрғындары желтоқсан айында 11 күн демалады. Сонымен қатар, қаңтар айының алғашқы күндері де мерекелік демалысқа ұласпақ.
Сонымен, атап айтсақ, 1 желтоқсанда (сейсенбі) еліміз Тұңғыш Президент күнін атап өтеді.
16-17 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне орай демалыс күндері деп жарияланды. 20 желтоқсандағы жексенбілік демалыс 18 желтоқсанға (жұмаға) ауыстырылады. Осылайша, қазақстандықтар төрт күн қатарынан демалады, ал жексенбі күні (20 желтоқсанда) жұмыс күні болып жарияланды.
31 желтоқсан, әдеттегідей, Қазақстанда ресми түрде жұмыс күні саналады. Жаңажылдық мереке күндері жұмадан, яғни 1 қаңтардан басталады. 2 қаңтардағы мерекелік күн сенбімен сәйкес келетіндіктен, 4 қаңтар да (дүйсенбі) демалыс болып жарияланды. Осылайша, қазақстандықтар Жаңа жыл мерекесінде тағы төрт күн қатарынан демалады.
7 қаңтарда (бейсенбі) – православтық Рождество мерекесіне сәйкес келетіндіктен, 2021 жылдың алғашқы айы тағы бір демалыс күнімен толығады.