Қызғылт қоқиқаздардың Қаракөл көліне келіп қонған сәті бейнеленген видео жарияланды
Сенбі, яғни 14 қараша күні Ақтауда жергілікті тұрғындардың бірі осы аймаққа ұшып келген қоқиқаздар легін видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызғылт қоқиқаздардың Қаракөл көліне келіп қонған сәтін жергілікті тұрғын Азамат Сәрсенбаев видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген екен.
«Осындай ерекше сәттер үшін мен өз өлкемді сүйемін», - деп жазады видео авторы А. Сәрсенбаев.
Қоқиқаздар жыл сайын жылы жаққа ұшып бара жатқан кезде осы Қаракөлге аялдайды. Ал Қаракөл — Қызыл кітапқа енген құстардың аялдайтын орны болғандықтан, оны табиғатты қорғау инспекторлары өз қорғауына алған.
Айта кетсек, Ақмола облысындағы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына қарасты Қорғалжын және Теңіз көлдерінен жылы жаққа бет алған қоқиқаздар Қаракөлде күн суығанша аялдап, содан соң Түркіменстандағы Хазар қорығына немесе одан ары Иран жаққа қарай ұшып кетеді.