17 жастағы қызды жезөкшелік жолға түсірген алматылық әйел қамауға алынды
Күдікті бұрын жаңа туған баласын сатқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған

Алматыда 17 жастағы қыз баланы жезөкшелікпен айналысуға итермелеген азамат анықталды. Сондай-ақ оның бұрын жаңа туған баласын сатқаны үшін қылмысты жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
«Ол жезөкшелікпен айналысуға 17 және 22 жастағы қыздарды тартқан. Жезөкше притоны Медеу ауданындағы Пушкин көшесі бойында орналасқан тұрғын үйде ұйымдастырылған. Тергеу барысында ұсталған әйелдің Алматыға жерлестерін «жалақысы көп жұмыс тауып беремін» деген желеумен алдап шақырып алғаны белгілі болды. Алайда, оларды жезөкшелікпен айналысуға итермелеген», - деп мәлімдеді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту, сондай-ақ жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.