Жер үйлердің иелері үшін салық төлеу міндеті өзгеріссіз қалмақ
Көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылды. Мұндай игі бастаманы Сенаттың кезекті отырысында Ұлттық экономика министрі көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заң жобасын талқылау барысында министр Дәленов көппәтерлі үйдің тұрғындарын жер салығынан босатуды ұсынды.
«Салық элементтерін өзгертпей жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын біріктіріп, 2 салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұл ретте, көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылады. Бүгінгі таңда көппәтерлі үйлер үшін жер салығы пәтерлер санына қарай бөлінеді» - деді Ұлттық экономика министрі.
Ұлттық экономика министрінің бұл ұсынысына Қаржы министрлігі де қолдау білдірді. Өйткені елімізде көппәтерлі үйлерден жиналатын жер салығының құны бюджетке түсетін кіріс сомасын ақтамайды екен.
«Еліміз бойынша 3 млн 300 мың пәтер тіркеуде тұр. Олардағы әр пәтерден түсетін жер салығының құны орташа есеппен жылына 60 теңгені құрайды. Бұл өте аз ақша. Ал оны әкімшелендіруге кететін шығындар аталған сомадан асып кетіп отыр. Мәселен, пәтер иесі жер салығын уақытылы төлемеген жағдайда біз оларға пошта арқылы хабарлама жібереміз. Бір хабарламаның құны 510 теңге», - деді Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов.
Алайда, жер үйлердің иелері үшін салық төлеу міндеті өзгеріссіз қалмақ. Қаржы министрінің орынбасары оның себебін былай түсіндірді.
«Жекеменшікке тиесілі жер үй мен пәтер иесіне салынатын салық құнын салыстыруға болмайды. Жер үйден түсетін жер салығының құны әлдеқайда көп. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жер үйлерден түскен жер салығының сомасы 2 млрд 700 млн теңгені құрады. Сондай-ақ ол қаражат ауыл әкімдіктерінің бюджетіне түседі», - деді Қанат Баеділов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан