Қазақстанда тіркеу нөмірі бірдей ресейлік автокөліктер анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Автомобильдер айыппұл тұрағына қойылды

Көрнекі фото: drive2.ru

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері Ресейден келген бірдей нөмірлі автомобильдерді анықтады. «Нұр-Сұлтан –Щучинск» және «Алматы –Қорғас» ақылы жол учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлері бірдей, Ресей Федерациясының автомобильдері анықталды. Бірдей нөмірлі автомобильдер ақылы тасжол бойынша жолақысын тексеру барысында анықталған.

«Нұр-Сұлтан – Щучинск» ақылы жол учаскесінде H837HУ96rus нөмірлі Toyota Estima маркалы автомашина тіркелген, осы уақытта дәл сондай нөмірлі автомашина «Алматы – Қорғас» тасжолында жүріп өткен.

Осы секілді жағдай Toyota Estima және Toyota Alphard маркалы автомобильдеріне қатысты да тіркелген. 0298УH96rus нөмірлік белгісімен Toyota Estima маркалы және M251TOrus нөмірлік белгісімен Toyota Alphard маркалы үш автомобиль жүретіні анықталды.

«Бірдей нөмірлі машиналарды ұстауға бағдар жіберілді. Жол қозғалысына мониторинг жүргізу барысында аталған автомашиналар елорда аумағында анықталды. ПД мамандандырылған батальон қызметкерлері мемлекеттік нөмірі 0298УH96rus Toyota Estima маркалы автомашинаны және мемлекеттік нөмірі M251TOrus Toyota Alphard маркалы автомашинаны ұстады», - делінген хабарламада.

Қазіргі кезде бірдей нөмірлі автомашиналардың жүргізушілеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады. Автомобильдер айыппұл тұрағына қойылды. Қалған автомашиналар бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде.