Қазақстанда қан айналымы ауруларынан болатын өлім көрсеткіші бірінші орынға шықты
Коронавирус жұқпасымен ауырғандар арасында қан айналымы жүйесінің сырқаты көбейген. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жұқпалы дерттен айыққандар қатарында ең жиі кездесетін ауытқушылықтардың бірі – қанның қоюлануы нәтижесінде пайда болатын тромболитикалық зақымданулар. Сондай-ақ жүрек, қан-тамыр аурулары миокард инфарктісі, жүйелік эндотелит, миокардит, өкпе фиброзы, тыныс алу жеткіліксіздігі сынды диагноздар артқан. Аталған ведомство мәліметінше Қазақстанда қан айналымы жүйесінің ауруларының салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші бірінші орынға шығып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
КОРОНОВИРУСПЕН АУЫРҒАНДАРДЫҢ ДЕНІ ТРОМБОЗҒА ШАЛДЫҚҚАН
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректері бойынша, 2020 жылдың 8 айында (1000 адамға шаққанда) жалпы өлім-жітім көрсеткіші 8,88-ді құраған. Оның ішінде, өлім себептері бойынша ең жоғары көрсеткіш қан айналымы жүйесі бойынша (100 мың адамға шаққанда) 195,02 жағдай тіркелген.
«Коронавирус инфекциясының салдары ағзаның жеке басына және осалдығына, оның вирусқа әсеріне байланысты әр түрлі болады. Бүгінгі таңда жұқпамен ауырғаннан кейін пайда болатын ең жиі кездесетін патологиялардың бірі – тромболитикалық зақымданулар: тромбоздар, қанның қоюлануы нәтижесінде, жүрек-тамыр аурулары миокард инфарктісі, жүйелік эндотелит, миокардит, өкпе фиброзы, тыныс алу жеткіліксіздігі. Патологияның бұл санатына қауіп тобындағы адамдар кіреді, яғни созылмалы аурулары бар пациенттер қант диабеті, артериялық гипертензия, семіздік, 60 жастан асқан азаматтар. Емдеу курсын алғаннан кейін ауру салдарлары мен асқынулардың алдын алу үшін амбулаториялық-емханалық деңгейде қатаң динамикалық бақылау, оңалтудан, электрокардиограммадан, эхокардиограммадан мерзімді өту қажет», - дейді ДСМ департамент директоры А. Дүйсенов.
Коронавирустан айықанына 3 ай болса да, оның салдарынан толық арыла алмай жүргендердің бірі – петропавлдық Жаңылсын Мұқанова. Ол екі өкпесі де қабынып, қатты ауырғанын айтады. Екі аптадай уақыт ауруханада жатып, пневмониядан тәуір болып шықса да, шаршау, әлсіздік, үнемі тоңазу сынды жайсыздықтарды жеңе алмай келетінін айтады. Дәрігерлер оған тромботитозға шалдыққанын айтқан.
«Коронавирустан тәуір болғаныма бірнеше ай болса да, денем дел-сал болып жүреді. Қатты ауырғаным соншалық, дәстүрлі медицинамен қатар, халық емін қоса пайдаландым. Қайсысының шипасы көбірек болғанын да білмеймін. Ақжелекті көп тұтындым. Оның қанды қоюлатып жіберетін қасиеті бар екен. Әлде дәрмектің әсері болды ма, мен үшін белгісіз. Қазір белсенді түрде емделіп жүрмін. Өйткені қан ауруларына жайбарақат қарауға болмайды. Үнемі сұйықтықты көп ішу керек. Жалпы коронавируспен қатты ауырған науқастарды диспансерлік есепке алып, тұрақты медициналық бақылау жасаса артық болмас еді», - дейді ол.
НАҚТЫ СЕБЕП АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ
ҚР ДСМ деректері бойынша, 2020 жылдың 9 айында жалпы халықтың сырқаттануы 100 мың адамға шаққанда 53 909,4 адамды құраған. Коронавирустық инфекцияға байланысты пандемияны ескере отырып, жетекші орында тыныс алу органдарының аурулары 100 мың адамға шаққанда 19 715,5 жайтты құрады. Содан кейін, қан айналымы жүйесінің аурулары 3 198,6 (100 мың адамға шаққанда) және жарақаттар мен уланулар бойынша сырқаттану 2 262,7 (100 мың адамға шаққанда) тіркелген. Осылайша, жоғарыда көрсетілген деректерден пациенттердің медициналық көмекке жүгінуінің негізгі себептері – тыныс алу органдарының аурулары, одан ары қан айналымы жүйесі және жарақаттар, улану болған.
«Коронавирус-2020» тақырыбындағы форумда аталған жұқпамен ауырған науқастардың шамамен 30%-ында қан ұйығышын дамытатыны жайында мәліметтер келтірілді. «Тромб – асқынулардың негізгі себебі және өкпесін механикалық желдетуде жатқан науқастардың өлім қаупін арттырады. Қан ұюы дегеніміз не? Қан ұюы немесе тромбоцитоз - бұл біздің ағзамыздың жарақаттанудан қорғаныс реакциясының бөлігі. Қан тамырларының зақымдануы пайда болатын кез келген қабыну процесі қан жоғалтуды тоқтату механизмін іске қосады. Тромбоздың белгілері – қатты жөтел, көбінесе қан аралас болады. Аяқтардың сырқырауы, кеуде қуысының ауырсынуы, кенеттен ентігу. Коронавирустың тромбозды неліктен қоздыратыны әлі анықталған жоқ. Бір теория бойынша, қанның ұюы тамырлардың эндотелий жасушаларына шабуыл жасай бастаған кезде пайда болатыны» , - дейді Петропавл қалалық 3-ші емхананың бас дәрігерініңемдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәбира Науқанова.
ҚР ДСМ жедел деректері бойынша, 9 айда республика бойынша барлығы 56 млн 506 мың адам медициналық көмек сұраған, оның ішінде 0-14 жас аралығындағы балаларға 18 млн 364 мың өтініш түссе, 15-17 жас аралығындағы жасөспірім 1 млн 705 мың медициналық көмекке жүгінген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО