Бұл жолы түнгі клубта 100-ге жуық адам жүрген
Нұр-Сұлтандағы түнгі клуб карантинді 10 реттен көп бұзған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«6 қарашада бірқатар мекемеге карантинді бұзғаны үшін айыппұл салынған. «Алания» түнгі клубы карантин шараларын 10 реттен көп бұзған. Бұл жолы мекемеде 100-ге жуық адам жүрген. Сағат 22:50-де қызметін санитарлық нормаларды сақтамай жүзеге асырған «Анкара» түнгі клубы анықталды. Мекемеде 50-ден аса адам демалып отырған», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар сол түні сағат 23:30-да «Сова» караоке-клубында 40 клиент әлеуметтік қашықтық пен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды ұмытып, көңіл көтеріп, ән айтып жүрген. Мобильді топ тәулік ішінде 274 кәсіпкерлік нысанды тексеріп, карантин режимін бұзудың 25 дерегін анықтады.