СҚО-да Қызылжар ауданы 9 қарашадан бастап карантинге жабылады

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындарға тек анықтама бойынша жұмысқа барып келуге рұқсат беріледі 

Фото: ашық дереккөзден

СҚО-да Қызылжар ауданы 9 қарашадан бастап карантинге жабылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Яғни келесі дүйсенбіден бастап Қызылжар ауданында блок–бекеттер қойылып, кіріп шығуға тыйым салынады. Ауыларалық автобустар жүрмейді. Тұрғындарға тек анықтама бойынша жұмысқа барып келуге рұқсат беріледі. Сонымен қатар жол жөндеушілер, апаттық қызмет мамандары мен бірінші кезектегі тауар тасымалдаушыларына өтуге болады.  

«Қызылжар ауданында спорттық және мәдени шараларды өткізуге, тұрғын үйлерді отырыс үшін жалға беруге, көңіл көтеру орындарының жұмыс істеуіне тыйым салынады. Діни және мәдени нысандар жабылады. Ірі сауда ойын-сауық кешендеріне де шектеу қойылады», - деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін БД басшысының орынбасары Татьяна Горлова.