Ұлыбритания тұрғыны Байденнің сайлаудағы жеңісіне 1 миллион фунт тікті

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл – 565 000 000 теңге

Ұлыбритания тұрғыны АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байденнің сайлаудағы жеңісіне 1 миллион фунт стерлинг (564 905 460 теңге) тікті, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.

Аты-жөні құпия сақталған азамат 29 қазанда бәске ақша тіккен. Егер Байден АҚШ президенті болса, ол 1,54 млн фунт жеңіп алады (шамамен 871 млн теңге).

Айта кетейік, әлеуметтік зерттеу жүргізген сарапшылар Байденнің президент болу мүмкіндігін 65 пайызға, ал оның қарсыласы Дональд Трамптың жеңісін 35 пайызға бағалады.

Бұған дейін Трамп Байденді 3 қарашада Мемлекет басшысының сайлауында бірнеше штаттағы сауалнамалар бойынша басып озды деп хабарланған. Сонымен, Огайо штатында сайлау қарсаңында сайлаушылардың 47,4 пайызы – Трампты, 46 пайызы Байденді қолдаған. Солтүстік Каролинада Дональд Трамп аз ғана басымдықпен алға шықты.

Ал The New York Times газеті Байденнің Пенсильвания, Флорида, Аризона және Висконсинде айтарлықтай басымдықпен көш бастап тұрғанын хабарлады.

АҚШ-та президенттік сайлау 3 қарашаға жоспарланған. Жергілікті тұрғындар президентпен бірге 35 сенаторды, өкілдер палатасын, 13 губернаторды және жергілікті билікті сайлайды.