«Жер-су, елдімекен атаулары – мемлекеттік маңызы бар іс» – ғалым

Автор: Azattyq Rýhy

Ғалым аудандық, ауылдық әкімдердің енжарлығын сынға алды

Қазақстанда шамамен 3 миллионға жуық географиялық атау бар. Олардың түп тамырына көңіл бөлу, шықан тегін зерттеп, бір жүйеге келтіру – маңызды мәселелердің бірі. Сол атаулардың қатарында ұлттық болмысымызға қайшы келетін, өзгертуді талап ететіндері де баршылық. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай ономастика мәселесін зерттеп жүрген санаулы ғалымдардың бірі. М. Қозыбаев Солтүстік Қазақстан  университеті журналистика кафедрасының профессорымен  Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді. 

Ғалымның айтуынша, қазақ жерлерін басып алған орыс өкіметі қазақ даласын «толық игеру үшін» «жерді пайдалаудың жағдайын тексеру» деген желеумен  әр жылдары мал санағын, жер санағын, адам санағын жүргізіп, қаттап отырған. Және ешкімнен сұрамай, бұл аумақтарды «мемлекет есебіне алып» отырған. Бұл деректерде қай өлкенің, қай суаттың, қай тоғайдың қай руға, оның қай атасына, тіпті, жеке қазаққа тиесілі болғандығы тіркелген. Зертеуші архивтерде сақталған материалдарды негізге алады. 

«Осыдан 2-2,5 ғасыр бұрын  солтүстіктегі көршіміз де баса-көктеп келіп, жертөле қазып алып, менің жеріме өз атасының, бұрынғы өздері туып-өскен мекендердің, өздері табынған әулие-әнбиелердің атын қойған. Өз тілінде қойған. Кейін дауласа қалса, сөзге бай болуы үшін. Сөз жүзінде кеңес өкіметі, іс жүзінде орыс өкіметі отарлау саясатын заңдастырып, сорлы қазақтың жерін тілі келмесе де, атауға тиіс етіп берді. Қазақтың жері күн сайын, ай сайын, жыл сайын жаттың қолында кетіп жатты. «Өзімдікі дей алмай, өз малыңды...» деп Абай айтқан күнге жеттік.  Сол кезде қазақтың атқамінер шолақтары жер-су атауларымен бірге жердің де кетіп жатқанын түсінбеді. Бүгінгі күні тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толса да, Қазақстан топонимикалық кеңістігінің әлі шешімін таппаған мәселе көп екінін жақсы білемін. Облыстық ономастикалық комиссияның құрамындағы 20 жыл қызметімде бұл саладағы жетістіктерге де кемшіліктерге де ортақпын. Республика үкіметі тарапынан жер-су атауларын жинақтау, реттеу, дұрыс таңбалау, тарихи атауларды қалпына келтіру, аймақтық сөздіктер шығару сияқты топонимиялық, теориялық және қолданбалы мәселелерге мән беріп, тиісті заңнамалық актілер қабылдануы құптарлық. Бірақ, әлі де баяумыз», - дейді академик Зарқын Тайшыбай. 

ОНОМАСТИКА МӘСЕЛЕСІНЕ КЕЛГЕНДЕ ШЕНЕУНІКТЕР ЕНЖАР

Ғалым әсіресе аудандық, ауылдық әкімдердің енжарлығын сынға алады. Зарқын Сыздықұлы олардың көпшілігі тарихи және ұлттық атауларды қайтаруға келгенде құлықсыздық екенін сынға алды.

«Тарихи топонимикалық атауларды қалпына келтіруде төменгі буындағы әкімдер өз ұсыныстарын қарауындағы халқына өткізе алмайды, дәрменсіз. Сондықтан да өз ауылы мен ауданындағы неше түрлі орынсыз, ескірген, тіпті, мемлекеттің атын алып отырған қазақтың тұрмысы мен салтына жат атауларды өзгертуге шамасы жетпейді. Әрине, бұл жұмыстар оңай атқарылып келе жатқан жоқ. Жалпы республиканы тұтас алып қарағанның өзінде ономастикалық жағдайлардағы баяулық пен енжарлық барлық аймақтарда біріне-бірі өте ұқсас. Әлі де жалтақпыз, тәжірибеміз аз, халықпен тіл табыса алмаймыз, аудандық, ауылдық деңгейдегі кейбір басшылар осы мәселелерге қатысты өздерінің жеке жауапкершіліктерін әлі терең сезінбей жүргенін де білеміз», - дейді академик.

ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ ТЕРЕҢ ЗЕРТТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Зарқын Тайшыбай он жыл ішінде  бұрынғы Петропавл уезі мен шекаралас Көкшетау аумағына қарайтын елдімекендерінің ХІХ ғасырдағы 2 мыңнан аса қазақша атауын тауып, қағазға түсіріп, жүйеге келтірген. Оның ішінде антротопоника санатында  қазіргі Қызылжар өңірі тұрғындардың екінші және төртінші аталарының есімдері мен сол кездегі меншігіндегі  мекендері, жері-суы, тоғайлары, қамыстары, томарлары мен шоқылары  толыққа жуық анықтаған. Бұл тізбеге шартты түрде «Аумақтың тарихи топонимикасы» деп атау берген. Ғалым мұндай жұмыс Қазақстанның барлық облыстарында жүргізілуі тиіс екенін айтады. 

«Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Жер шарының басқа бөліктерінде қазақтың жері жоқ. Бұл жеріміздің әрбір сүйемі - менікі, сенікі, қазақтікі. Оған талас жоқ. Талас жоқ болса, әркім өзінше атап, айдар тағып, таңба салып, ата-бабаңның әруағын сыйламай, тіпті менікі деуге баратын болса ше?! Оған жол бермейміз. Адам баласы жаратылғаннан бері жерден қымбат байлық болған емес. Неше қилы дау-жанжал тек жер үшін ғана болған. Күні бүгін ғасырлар бойы көрші келе жатқан әзербайжан мен армяндар жер үшін түс шайысып, біріне-бірі қару жұмсауда. Адам шығыны бар. Санасыз жаратылған аң да өз мекенін таңбалайды, белгі тағады, сол белгіні қорғайды. Әйтпесе, жерсіз қалып, қаңғып кетеді. Қазақта ұлан-байтақ жерінің әр тұсын таңбалап, ат қойған. Және, даусыз болу үшін қазақша атаған», - дейді Тайшыбай. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО