2 қазаннан бастап ШҚО-да карантин талаптары күшейтіледі – бас санитарлық дәрігер

Автор: Azattyq Rýhy

Әуе, темір жол қатынастарына шектеу қойылады

Фото ашық дереккөзден

Өткен бір тәулікте ғана Қазақстанда COVID-19 вирусы 392 адамнан анықталды. Оның ішінде 202-і Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Инфекция таралуы көрсеткішінің күрт өсуіне байланысты еліміздің Бас мемлекеттік санитары Ерлан Қиясов облыста карантин шараларының күшейтілетінін айтты.

Атап айтқанда, өңір ішінде өзара және басқа қалалармен байланысын сақтай отырып, Өскеменге кіруге және шығуға бірқатар тыйым енгізілді. Демалыс және мереке күндері тәртіпті күшейту, тұрғындардың бір-бірімен байланысын минималды деңгейге жеткізу, қоғамдық көліктің жүруін азайту, жұмыс орындарындағы қызметкерлердің 80 пайызын қашықтан істеуге көшіру, жиындарды бетпе-бет өткізуге тыйым салу, лифт, паркинг, балалар алаңы, подъездер, сауда-саттық орындарында дезинфекция жасау көзделген. 

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер вахта режимінде жұмыс істейтін қызметкерлерге толық масштабты ПТР-тестін тапсыруға жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

«Әуежайға және темір жол вокзалдарына жақындарын қарсы алуға келгендерге шектеу енгізілсін. Карантин режиміне мониторинг жасап отыру қатаңдатылсын. Бұл туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілсін. ШҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай ҚР Үкіметінің бақылауында, түсіністікпен қарауға шақырамын», - деді Ерлан Қиясов.

2 қазаннан бастап әуе қатынастарымен қатар темір жол сапарының саны да азайтылады. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді.