Қалада жол апаты жиілеген
Қарағанды қар астында қалуы мүмкін. Себебі қаладағы жол тазалығына жауапты 4 мердігердің үшеуі бөлінген қаржының таусылуға шақ қалғанын айтып, дабыл қағуда. деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал бір компания берілген ақшаны әлдеқашан игеріп тастаған. Салдарынан Майқұдық ауданының жолдарын бір айдан бері ешкім тазаламай отыр.
«Вокзал мен әкімдік маңайын ғана тазалайды. Былтыр мен жол тазаланғанын көрген жоқпын. Майқұдық туралы мүлдем айтпай-ақ қояйын. Тазалап жүрген трактор көрмедік», - дейді қала тұрғындары.
Қылаулаған қар күндіз еріп, кешкілік көк мұзға айналады. Соның кесірінен жол апаты жиілеген. Сондықтан жаяу жүргіншілер өтетін жерге, қауіпті бұрылыстарға міндетті түрде тұз араласқан құм себу керек, дейді тәртіп сақшылары. Ал Майқұдық ауданында оны атқаратын ешкім жоқ. Негізі мердігерлермен бір жылға келісімшарт жасалады. Бірақ қаржы нақты жұмыс көлеміне қарай бөлінеді. Жыл басында қар қалың түскендіктен, берілген ақша көктемде таусылып қалған. Қазір қосымша қаржы бөлу жағы қарастырылып жатыр. Ал қыс болса, қыр астында.
«Жол-техникалық инспекциясының мамандары Қарағандыдағы барлық жолға тексеріс жүргізді. Қаланың шеткі аудандарында көп көшелер қардан дер кезінде тазаланбаған, құм себілмеген. Ол жайында біз жергілікті әкімдікке ақпарат жібердік және бұл жұмысқа жауапты мердігер компанияға ескерту жасадық», - дейді қалалық полиция басқармасының бас мемлекеттік автоинспекторы Еркебұлан Кәрімғожин.