«Бек Эйр» 34 миллион теңге төлеуге міндеттелді

Автор: Azattyq Rýhy

500-ден аса жолаушы компанияның үстінен сотқа шағым түсірген 

Фото: ашық дереккөзден

«Бек Эйр» тағы да 500 билеттің ақысын қайтаратын болды. Алматы соты бір жылға жуық уақыт жұртты сандалтып қойған әуе компаниясын клиенттеріне 34 миллион теңге төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды КТК. 

Бастапқыда тек 108 жолаушы сотқа шағым түсірген екен. Оларға «Бек Эйр» 8 миллионға жуық теңге қайтаруы тиіс болған. Алайда билет ақысын былтырдан бері қайтара алмай жүрген халық бұдан да көп болып шықты. Процестің ортасында шағымданушылар 500-ден асып кетті. Ал жалпы сома 34 миллион теңгеге бір-ақ жетті. Билет дауына қатысты сот бұл жолы да жолаушыларды қолдап, әуе компаниясын 34 миллионның соңғы тиынына дейін төлеп беруге міндеттеді. 500 жолаушының барлығы да билетті желтоқсандағы ұшақ апатына дейін сатып алған. Бірақ «Бек Эйр» ол қарыздан әлдеқашан құтылғанын айтып қашып жүріпті. 

Былтыр желтоқсанда болған ұшақ апатынан соң «Бек Эйрдің» рейстері жаппай тоқтатылған. Соның салдарынан алдын ала билет алып қойған дүйім жұрт ақшасын қайтара алмай, компанияны сотқа берді.   

«Бек Эйрға» қатысты біз сотқа үш мәрте шағым түсірдік. Барлығына әуе компаниясы 93 миллион теңге қайтаруы тиіс. Нақты қанша ақшаның қайтарылғаны туралы бізде мәлімет жоқ. Бірақ соттың шешіміне сәйкес, белгіленген уақыттың ішінде әуе компаниясы шешімді орындауға міндетті», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің басқарма жетекшісі Әлихан Шәкенов.