Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталған
Жамбыл облысында карантин жеңілдетілді. Мұндай шешім өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақталуына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Аймақтың Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес бүгіннен бастап тұрғындар көшеде еркін жүріп-тұра алады. Бұған дейін жұртқа түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүруге тыйым салынған еді. Мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарына сағат түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Бильярд, кальян, компьютер және түнгі клубтардан басқа ойын-сауық орталықтары мерекеде және жексенбіден басқа күндері ашық болады. Мал базарларына жұмыс істеуге рұқсат берілді. Базар іші сыйымдылығына қарай 50%-тен артық толмауы тиіс.
«Бұл Жамбыл облысындағы COVID-19 індетінің эпидемиологиялық жағдайына байланысты. Осы соңғы аптада лабораториямен расталған 20 жағдай ғана тіркеліп отыр. Бұл репродуктивті көрсеткіштің бірге жетпегендіктен осындай жеңілдету шаралары енгізілді», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы.