Олардың жалақы алмағанына екі жарым айдан асқан
Павлодар облысында 40-тан астам жұмысшы 2 жарым айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Олар қарағандылық мердігер жұмысын істетіп алған соң еңбекақыны төлемей кеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Кентте жылу құбырын тартуға жұмылдырылған 40-тан астам жұмысшы бар. Олардың айтуынша, Майқайыңдағы тендерді жеңіп алған қарағандылық компания жұмыс біткен соң ұшты-күйлі жоқ болған.
Ал мердігер жалақының кешігуіне әкімдіктің қаражатты уақытылы аудармауы себеп екенін айтты. Ал Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев 9 млн. 500 мың теңге аударылғанын, мердігердің аударылған ақшадан ешқандай жалақы төлеп жатпағанын айтты.