Аягөз ауданының бұрынғы әкімі Бақытжан Байахметов «Nur Otan» партиясынан шығарылады
«Nur Otan»-ның партиялық бақылау комитетінің отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасын іске асыруда бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Партиялық бақылау комитетінің мүшелері Шығыс Қазақстан облысында аудан тұрғындарын сумен қамтуды қағаз жүзінде ғана іске асырған шенеунікті жауапқа тартуды ұсынды. Сорақы жағдай Аягөз ауданында тіркелді. Осының кесірінен ауданның мыңдаған тұрғындары ауыз сусыз қалған, өйткені, сумен қамтамасыз етуді іске асыруға байланысты 6 жоба қағаз жүзінде ғана жүргізіліп, құрылысшы- мердігерлерге істеген жұмысының толық көлемі үшін бюджеттен ақша төленген.
«Аягөз қаласының өзінде 10,5 мың адам орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмей қалса, 37 мыңына су тартылған жоқ. Дей тұрсақ та, тек 2018 жылы ғана Аягөз ауданына сумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау нысандарын жүргізу мен қайта құруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінгені мәлім. Сол кезде аудандық мәслихат депутаттары қайда болды, аудан тұрғындарының шағымдары мен өтініштерін олар қалай естімей қалды?» - дейді партия өкілдері.
Партиялық бақылау комитетінің мүшелері ауданды он жылдан астам басқарған Аягөз ауданының бұрынғы әкімі, қазір облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің жоғарыда айтылған мәселелерді білмеуі мүмкін емес деп санайды. Сондықтан оны партиядан шығару туралы мәселе көтерілмек.
Айта кетейік, бұдан бұрын ШҚО-да ауыз сумен қамту бағдарламасы аясында болған былықтарды Azattyq Rýhy жазған болатын.