Бекшин қала тұрғындарынан жеке гигиенаны қатаң сақтауды сұрады
Алматының бас санитар дәрігері сырқаттанғандардың 38%-ы ауруды бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде жұқтыратынын айтты. Жандарбек Бекшин Алматыда эпидемиологиялық ахуал шиеленісе түскенін мәлімдеп, қала тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Инфекцияны жұқтыру жағдайының көбеюіне байланысты Бекшин жеке гигиенаны қатаң сақтауды сұрады. Ол үшін бетперде мен қолғап кию режиміне көңіл бөлу керек. Алматы қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Алматы қаласында 23-ші қазанда коронавирус инфекциясының (КВИ) 14607 оқиғасы тіркелген, оның 8762-сі – симптомды, 5845-сі – симптомсыз.
«Соңғы тәулікте COVID-19-дың 44 жағдайы және анықталмаған пневмонияның 5 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,3%, жұқтыру коэффициенті – 1,37 құрады. Осы аптада КВИ ауруының деңгейі бірінші аптаның деңгейінен 9 есе асып түсті. Қаладағы жағдай шиеленісе түсуде және аурушаңдықтың өсіп келе жатқаны байқалуда», - деді Жандарбек Бекшин.
Ол әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлап бара жатқанын атап өтті. Мысалы, Ресейде күніне 12 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Еуропа мен Америка аймағында да осындай жағдай болуда. АҚШ-та тәулігіне шамамен 60 мың жағдай, Францияда – 30 мың, Ұлыбританияда – 14 мың, Испанияда, Германия және Италияда 5 пен 15 мың аралығында адамдар ауыра бастады.
Бекшин қалада сырқаттанушылардың өсу себебі – жаппай көпшілік шараларды ұйымдастыруда және өткізуде халық тарапынан жалғасып жатқан заңбұзушылықтар кесірі деді. Үйлену және еске алу шаралары аса қауіпті. Өйткені ондай жиындар көп адамның жиналуымен және желдетілуі нашар жабық үй-жайларда өткізілумен байланысты. Мұндай іс-шараларда қонақтардың ұзақ уақыт отыратыны және кеңінен байланыс жасайтыны анық дейді қаланың бас санитар дәрігері.
«Менің той ұйымдастырушыларына айтарым бар. Сіз өзіңізге ғана емес, барлық қонақтарға, инфекцияны өзіне жұқтыру арқылы оны отбасыларына тарататын қарт туыстарға да қауіп төндіресіз. Сондай - ақ, той немесе еске алу кезінде мониторингтік топтардың талабы бойынша іс-шараны тастап кетуге мәжбүр болған қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз. Қазір науқастардың 38%-ы әртүрлі көпшілік іс-шараларға қатысқан соң ауырған»,- деді Ж. Бекшин.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы