Мемлекет басшысы судьяларға қойылатын талапты қатаңдату керек екенін айтты
Судьялардың абырой-беделі мінсіз болуы тиіс. Ал лауазымды орынға кандидаттарды іріктеу процесі ашық түрде жүргізлуі керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының VIII съезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мемлекет басшысы мұндай жүйені іске асыру үшін дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйену керек екенін атап өтті.
«Көптеген дамыған елдерде судьяларға қойылатын талаптар тым жоғары. Тіпті, кішігірім теріс әрекеті бар азаматты қызметке қабылдамауы мүмкін. Қазақстанда да осындай тәжірибелерді жүзеге асыру керек» - деді Президент.
Мемлекет басшысы Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының жұмысына да тоқталып өтті.
«Судьяларды таңдау және дайындау процесі Жоғарғы сот кеңесіне жүктелген. Олар кадрлардың сапасына жауапты. Бұл өте маңызды міндет. Сондықтан да мұнда сапаға баса көңіл аудару керек. Жоғарғы сот жанындағы сот төрелігі академиясының жұмысы да қарқын алуы тиіс. Өйткені 60 түлектің ішінен 7-уі ғана судья жолын таңдайды. Ал олардың дайындығы бюджеттің қаражатымен қаржыландырылады. Тағылымдама кезінде жалақының 70 пайызын алады» - деді Тоқаев.
Президент өз атына келген хаттардың арасынан әсіресе соттағы лауазымды тұлғалардың пара алу фактілері туралы жиі оқитынын айтты. Тоқаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық әрекеттері – қоғамның мемлекетке деген сенімін жоятын негізгі фактор.
«Әрине, бір ғана қатаң шара жеткіліксіз. Сот этикасын дамыту керек. Жаңа стандарттар судьялардың ұжымдағы, қоғамдағы тәртіптерін ретке келтіруі тиіс. Сондай-ақ, мұндай талаптар адвокаттар мен заң кеңесшілеріне де қатысты. Тағы бір айта кетерлік жайт, судьялардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанына да көңіл аудару керек. Алматы қалалық соты айтып өткендей, судьялар жиі қолайсыз жағдайда жұмыс істейді. Бұл орайда біз Үкіметке тиісті тапсырмаларды береміз» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан