Қарағанды облысында бір ауыл карантинге жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Карантин коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың бәрі жазылғанша жалғасады

Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысының Центральный ауылы карантинге жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Санитарлық шараның қатаңдатылуына ауылға коронавирус инфекциясын жұқтырған адамның келуі себеп болған.

«Омбыдан келген қонақ коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест тапсырды. Нәтижесінде инфекцияның бар екені анықталды. Ол кісімен байланыста болғандар да ауырып қалған. Бұхар Жырау ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантинге алынған аймақтың шыға берісіне блок-бекеттер қойылды. Енді бұл аймаққа кіріп-шығуға тыйым салынды», - делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.

Санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, ауыл тұрғындары карантин шараларын сақтауға міндетті. Үйден тек жұмысқа, жақын маңдағы дүкен немесе дәріханаға ғана баруға рұқсат. 

Әкімдіктің хабарлауынша, карантин инфекция жұқтырған науқастардың барлығы жазылғанға дейін жалғасады. Шектеулерді алып тастау бойынша ақпарат қосымша хабарланады.