Коронавирус өршіген ШҚО-да Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ілияс Мұхамеджан басқарма басшысы қызметінен не үшін кеткенін түсіндірді

Фото: altaynews.kz

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасын 3 жыл басқарған Ілияс Мұхамеджан қызметінен кетті. Мұны шенеунік басқа жұмысқа ауысқанымен түсіндірді.

Ілияс Мұхамеджан қызметінен кеткені жайлы ақпаратты Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Ол 3 жыл ішінде атқарған жұмысы туралы есеп беріп, қолдау көрсеткен облыс тұрғындарына алғыс айтты.

«Басқа жұмысқа ауысуына байланысты мен ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетемін. Бірінші кезекте облыс тұрғындарына қолдау мен түсіністік танытқаны үшін алғысымды білдіргім келеді», - деп жазды ол.  

Естеріңізге сала кетейік, соңғы бір ай ішінде ШҚО-да коронавирус індеті қайта өршіп, өлім-жітім саны да көбейді. Сондай-ақ ШҚО-да оқу жылы басталғалы коронавирус анықталған оқушылардың да қатары күрт көбейе түсті.