Қалада бір тәулікте карантин режимін бұзудың 65 фактісі анықталды
Елорда полициясы бір тәуліктің ішінде карантин режимін бұзудың 65 фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан полициясының қызметкерлері Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдерімен бірге бір тәуліктің ішінде 195 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, карантин режимін бұзудың 65 фактісін анықтады. Атап айтқанда, Тұран көшесінде орналасқан «ZOLOTO» мейрамханасында сағат 23:01 кезінде шамамен 100 қонақ болған. Мейрамхана әлеуметтік арақашықтықты сақтамай қызмет көрсеткен», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар түнгі сағат 02:00 шамасында 102 арнасына Қонаев көшесіндегі үйдің тұрғындарынан «CABERA» дәмхана-барында музыка дауысы қатты шығып тұрғаны туралы шағым түскен. Шақырту орнына жедел аттанған полиция қызметкерлері дәмханада карантинге қарамастан музыка дауысын қатты қойып, билеп жүрген адамдарды анықтады. Ведомствоның атап өтуінше, «CABERA» дәмхана-бары шектеу шараларына қарамастан режимді жиі бұзады. Соңғы 2 айдың ішінде дәмхана 4 рет полиция қызметкерлерінің назарына ілігіп, әкімшілігі мен қожайыны бірнеше мәрте жауапкқа тартылған.