19 қазаннан бастап Жамбыл облысында карантин шаралары күшейтіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста азық-түлік сатпайтын базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынбақ

Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысында жаңа шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитары Салтанат Әлібаева қабылдаған жаңа қаулының талаптары 19 қазан сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Қаулыға сәйкес, мереке және демалыс күндері жабық азық-түлік базарларының, сауда орталықтарының және азық-түлік сатпайтын базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Тек сауда орталығының ішіндегі супермаркет пен дәріхана ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар, букмекер кеңселері, боулинг, компьютер клубтары, караоке, бильярд, кинотеатрлар, көңіл көтеру орындары, балалар аттракциондарының қызметіне шектеу бар.

Той, мерекелік шара, конференция, форумдар өткізуге болмайды. Мал базарлары жабылады. Кісі өлгенде жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық қатысуға рұқсат етілмейді.

Жамбыл облысы тұрғындарының кешкі сағат 23:00 мен таңғы 06:00 аралығында жүріп-тұруына шектеу қойылады. Паркте, көшеде бір отбасы мүшелері болмаса, жалпы үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды. Сондай-ақ, жасы 65-тен асқан кісілердің сыртқа шығуына шектеу қойылады.