COVID-19 вирусын қайта жұқтыру қаупі өте жоғары – Денсаулық сақтау министрі

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда әзірге коронавирусты қайта жұқтыру фактісі тіркелген жоқ

Фото: ашық дереккөзден

COVID-19 вирусын қайта жұқтыру қаупі өте жоғары. Сондықтан қазақстандықтар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды жалғастыруы тиіс. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. 

Министрдің айтуынша, коронавируспен асимптоматикалық дәрежеде ауырған адамдарда антиденелер шамамен 1 айға созылады. Ал ауруды орташа немесе ауыр түрде өткергендер үшін 3 айдан 5 айға дейін сақталады.

«Қазақстанда коронавирус жұқтырудың «шыңы» 2020 жылдың маусым-шілде айларында болды, демек қараша-желтоқсан айларында антиденелер азаяды. Сондықтан КВИ-мен ауырудың үлкен қаупі бар, ол аталған айларға сәйкес келуі мүмкін», - деді министр брифингте.

Сонымен қатар, Цой әлемде инфекцияның қайталанған жағдайлары бар екенін, бірақ Қазақстанда әлі тіркелмегенін атап өтті.

Бұған дейін Нидерландта КВИ-ді қайта жұқтырған науқастың қайтыс болғаны туралы хабарланған. Бұл әзірге алғашқы жағдай болып тіркелді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан