Халықаралық әуе рейстермен келген 9 жолаушыдан COVID-19 анықталды
Әлемде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және Қазақстанға коронавирус инфекциясының сырттан тасымалдануына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Украина, БАӘ, Германия және Беларусьпен әуе қатынасын азайтуды ұсынды. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 6 қазан сағат 00.00-ден бастап ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы 33 600 ҚР азаматы мен шетелдік, оның ішінде 10 051 жолаушы кесіп өтті, 3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылды, оның ішінде 60-нан індет анықталды. Халықаралық авиарейстермен 14 832 жолаушы келді, оның 3 051-і тестілеуден өтті, 9-ынан ауру анықталды»,- деді Ерлан Қиясов.
Соңғы 7 күнде 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 10,1-ге жеткен. Вице-министр сырқаттану көрсеткіші жоғары өңірлерде карантин талаптарын күшейту керек деді. Сондай-ақ, спикер Нұр-Сұлтан қаласында және Шығыс Қазақстан облысында карантинді қатаңдатуды ұсынды. Карантиндік шараларды Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарының және Алматы қаласында да күшейту тапсырылды.
«Әлемдегі КВИ бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шекарада бақылауды күшейту және инфекцияның тасымалдануы мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына Украина, БАӘ, Германия және Беларусьпен әуе рейстерінің санын қысқарту, шекарада шараларды күшейту мәселесі талқыланды», - деді вице-министр.
Сонымен қатар, халықаралық екіжақты жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілерде анықтама болмаса, оларды карантиндік стационарға жатқызбау үшін шекарада ПТР-тесттен өткізу ұсынылды. Ал жүргізушінің ауру жұқтырғаны расталған жағдайда, орналасқан жері бойынша карантинге жабу міндеттелді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан