Алдағы күндері 25 градусқа дейін аяз болады

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздің синоптиктері алдағы үш күнге ауа райы болжамын жасады. Мамандардың айтуынша, жақын арада күн суыта бастайды

Фото: ашық дереккөзден

Қазгидромет алдағы үш күнге ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

14-16 қараша күндері Орал және Батыс Сібір аймақтарынан арктикалық фронттардың оңтүстік-шығысқа ығысуына байланысты Қазақстан территориясында қар, кей жерлерде бұрқасын, көктайғақ болып, солтүстік-шығыс желі күшейеді.

«Ал фронттардың артынан арктикалық теңіз акваториясында қалыптасқан антициклон келеді. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнгі ауа температурасы 13...18, кей жерлерде 20...25 аязға дейін төмендейді, бұл орташа көпжылдық мөлшерден 4…10°С-қа төмен», - дейді синоптиктер.

Алдағы үш күнде республиканың батысында ғана ауа температурасы нормаға жақын әрі ауа райы жауын-шашынсыз болады.