Коронавируспен күреске бюджеттен қосымша 238,7 млрд теңге бөлінді

Аталған сома 3 мақсатқа жұмсалады 

Коронавируспен күреске бюджеттен қосымша 238,7 млрд теңге бөлінді
фото: Батыржан Беспаев

Дағдарысқа қарсы шараларды және Президенттің жекелеген тапсырмаларын қаржыландыру үшін биыл бюджет шығыстары 1,4 трлн теңгеге ұлғайтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. 

Осы орайда Қаржы министрі Үкіметке 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын ұсынды. Оны Үкімет мүшелері мақұлдады. 

Алғашқы нақтылау коронавируспен күресуге және экономика мен бизнесті қолдауға бағытталғанын ескерген министр, екінші нақтылаудың міндеттері COVID-19-ға қарсы іс-шараларды жалғастыру және экономиканың нақты секторын қолдауға арналғанын айтты.

«Республикалық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Осы бағыттағы бюджеттің шығыстары 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрайтын болады. Қосымша шараларды іске асыру үшін бюджет шығыстары жалпы сомасы 296 млрд теңгеге оңтайландырылды» - деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрі коронавирус инфекциясымен күрес бойынша жұмыстарға республикалық бюджеттен қосымша 238,7 млрд теңге бөлінгендігін мәлімдеді. Аталған сома төмендегі мақсатта жұмсалмақ:

  • карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төлеу;
  • тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде COVID – 19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеу - 83,2 млрд теңге;
  • ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйақылар төлеу – 11,7 млрд теңге.

Ерұлан Жамаубаев экономиканы қолдау және күш құрылымдарын әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша шығыстарды қаржыландыруға 261,7 млрд теңге көзделгенін айтты.

«Бұл ретте, «Нұрлы Жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын қаржымен қамтамасыз ету бюджеттің басым бағыты болып қалады» - деді ҚР Қаржы министрі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.