Атырауда дәрігерлерге төленуі керек 70 млн теңге қолды болған

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ақшаны белгісіз біреу электронды түрде ұрлаған

Фото: ашық дереккөзден

Атырау қалалық №1 емхананың шотындағы 70 млн теңге ұрланған. Мекеме өкілдерінің айтуынша, электронды түрде ұрылық жасалған. Тиісті құқықтық органдар тергеу-анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі кезде Атырау облысы бойынша короновирус инфекциясы мен вирустық пневмония жұқтырдық деп жәрдемақы алу үшін 955 медициналық қызметкер құжаттарын тапсырған. Атырау қалалық №1 емханасының бірнеше медициналық қызметкері коронавирус індетін жұқтырған медициналық қызметкерлерге төленетін өтемақы бізге де берілсе деген өз талап-тілектерін айтты.

Оларға Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Асхан Байдуәлиев барып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп,  өтемақының заң талаптары шеңберінде комиссия шешімі негізінде төленетінін жеткізді.  

«Бүгінге дейін 9 отырыс өткізген. Құжаттардың 474-сі мақұлданып, 481-і кері қайтарылған.  Бірақ жақында аталған бұйрыққа бірқатар өзгеріс енгізілуіне байланысты дәрігерлердің құжаттарын комиссияға қайта беріп, қазір қаралып жатыр», - деді Асхан  Байдуәлиев.