Желілердің тозу деңгейі 100 пайызға жеткен
Қостанай облысында бес жүздей елді мекенге қызмет көрсететін алты мың шақырым электр желісі ауыстыруды қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Желілердің тозу деңгейі жүз пайызға жеткен. Бұл келеңсіздік ауылдық жерлердің білім сапасына, халықтың тұрмыс деңгейіне және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына қолайсыздық әкелуі мүмкін. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының аймақтық филиалында өткен республикалық бейнеконференцияда ауылдардың энергетика мәселесі көтерілді. Бірқатар түйткіл жайттар «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына түзетулер мен өзгертулер енгізу арқылы шешімін таппақ.
«Біз бұл жерде жергілікті атқарушы билікке, заң өкілдеріне алдағы бағдарламаларға түзетулер енгізу керектігі турасында ұсынымдар береміз. Бұл елді мекендер мемлекет және энергиямен қамтушы ұйымдардың кепілдігінсіз жалғыз қалмаса екен. Бағдарламаларда олардың мүдделері ескерілуін талап етеміз», - деді «АУЫЛ» ХДП партиясы төрағасының орынбасары Валентин Хаданович.