Нұр-Сұлтанда ауыз су 40 пайызға қымбаттауы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Кәріз жүйесінің құны да айтарлықтай қымбаттайды

Фото: ашық дереккөзден

«Астана су арнасы» ауыз судың бағасын өсіреді. «Шығынымыз шаш етектен» дейді компаниядағылар. Енді қаржылық қиындығын тұтынушылардың есебінен шешпекші. Егер ұсынысы қабылданса, Нұр-Сұлтандағы ауыз су құны 40 пайызға қымбаттайды, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Биыл белгіленген тарифтің бес жылдық межесі аяқталып, 2025 жылға дейінгі қызмет құны бекітіледі. Коммуналдық кәсіпорынның ұсынысымен Жаңа жылдан бастап астаналық әр тұтынушы ауыз судың бір текше метріне 44 теңгенің орнына, 62 теңге төлеуі тиіс. Кәріз жүйесінің құны да айтарлықтай қымбаттайды. Егер қазір елордалықтар төгілген жуынды-шайындысы мен дәретхана қалдығының 1 текше метріне 38 теңге төлесе, 2021 жылдан бастап 127 теңге төлеуі әбден мүмкін. Коммуналдық мекеме бұл ұсынысқа бастан асатын шығын түрткі болғанын айтты. Оған қоса, мекемедегі 80 пайыз қызметкердің жалақысы мардымсыз екен.

«Сол 80 пайыздың ішінен бізден көптеген тәжірибелі адамдар кетіп жатыр. Өйткені жалақысы аз. Осы тарифтің арқасында, ең бірінші жұмысшылардың жалақасын көтерейік деген мәселе тұр», - деді «Астана су арнасы» МКК директоры Табиғат Зейнелқабен.