Оған партияға мүше емес адамдардың дауыс бергені анықталды
«Nur Otan» партиялық бақылау комитеті әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданынан түсіп жатқан үміткер Ерғалиев Талғат Файзоллаұлының пайдасына дауыстардың бұрмаланғаны туралы ақпараттар түсуіне орай арнайы тексеру жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Тексеру барысында партия мүшелері үшін үшінші тұлғалардың, партия мүшесі емес адамдардың дауыс бергені мәлім болды. Бұдан бөлек, «Қазақстан құрылысшылар одағы» БПҰ жекелеген дауыс берушілері басқа өңірлерде тұратын және жұмыс істейтін болып шықты. Олардың аталған бастауыш партия ұйымына еш қатысы жоқ. БПҰ мүшелері атына тіркелген ұялы телефон нөмірлерінің шын мәнісінде басқа адамдардікі болып шыққан дерегі де анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйымдастыру комитеті Ерғалиев Талған Файзоллаұлын праймеризге үміткер ретінде қатыстырмау туралы шешім қабылдады.
«Праймеризді өткізудегі барлық тәртіп бұзушылықтарға қатысты 8 (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне қоңырау шалуға немесе komek@nurotan.kz. электрондық поштасына хабарласуға болады. Түскен хабарлардың бәрін де Партиялық бақылау комитеті егжей-тегжейлі тексереді. Жазықтыларға партия қатарынан шығарып жіберуге дейін қатаң шаралар қолданылады», - деп жазылған ақпаратта.