Қарттар күні 1991 жылдан бері атап өтіледі
Халықаралық қарттар күні 1991 жылдың 1 қазанынан бастап атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында (1990 жылғы 14 желтоқсандағы № A/RES/45/106 қарары) Халықаралық қарттар күні бекітілді. Жыл сайын 1 қазан күні дүниежүзінің әр бұрышында Қарттар құқығын қорғау қауымдастықтары түрлі фестивальдер, олардың құқықтары мен қоғамдағы рөлі туралы конференциялар мен жиналыстар ұйымдастырады. Қоғамдық ұйымдар мен қорлар да осы күні қарттар үйіне және басқа да мекемелерге барып түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Қазақстанда дәстүрлі түрде мұндай акциялар еліміздің әрбір қаласында өткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy strategy2050.kz сайтына сілтеме жасап.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылы өткізген «World Population Prospects» мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы 11 адамның 1-і 65 жастан асқан адам болса, 2050 жылға қарай әлемдегі 6 адамның 1-і осы жас мөлшерінен асады екен. Әлемнің әр түкпіріндегі қоғамдар осы ұзақ өмір сүрудің эволюциясынан өтіп жатыр. Кейбіреуі оның алғашқы сатысында болса, екіншісі әлдеқайда асып кеткен. Батыс зерттеушілерінің айтуы бойынша, олардың барлығы осы деңгейге жетеді. Мәселен, 1890 жылы Швецияда халықтың кем дегенде, 50 пайызы 65 жасқа дейін жете алса, қазіргі кезеңде өмір сүру ұзақтығы жоғары елдерде бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Сонымен қатар, 65 жастан кейінгі өмірдің үлесі 1960 жылдары бестен бір бөлігін құраса, бүгінгі дамыған елдердің көпшілігінде ол төрттен бір немесе одан да көп бөлігін құрайды. БҰҰ қарарында ұйымның қартаю мәселелері жөніндегі қорына түсетін жарналардың төмендегені байқалады. Қазіргі уақытта әлем халқының қартаю қарқыны артып, қарт адамдар кез келген мемлекеттің даму процесіне үлес қоса алатын қоғам мүшесі ретінде мойындалып келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы ел үкіметтері мен үкіметтік емес ұйымдарды қартаю мәселелері бойынша арнайы қорға жарна салуға шақырып отырады. Жалпы, жаһан бойынша халықтың қартаюы бойынша келесідей тенденцияларды аңғаруға болады:
Болжамдарға сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдан бастап 2050 жылға дейінгі кезеңде әлеуетті қолдау коэффициенті 2 есе төмендейді, яғни 65+ жастағы 1 зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы шамамен 3,5 адам келеді, бұл соңғысына жүктемені арттырады. 2018 жылдың соңында 1 зейнеткерге 6,8 еңбекке жарамды, ал 2014 жылы – 7,5 адам келген болатын.
Жалпы, қартаю табиғи процес болғанымен, халықтың жалпы санына шаққанда қарттар санының сақталуы бүгінгі уақыттың бір жетістігі, денсаулық сақтау, медициналық жетістіктер мен экономикалық-әлеуметтік даму нәтижесі деп те қарауымыз қажет. Өйткені, адам өмірінің ұзақтығын шектейтін түрлі індеттер мен ауру-сырқаулар, төтенше жағдайлар, қалыпты өлім-жітім факторының бар екені анық.
Биылғы COVID-19 індеті әсіресе егде жастағы азаматтарға қауіп төндіргенін қытайлық ғалымдар өз зерттеулерінде айтты. «Халықтың қартаюы» төрт жаһандық демографиялық тенденцияның ішіне кіреді. Олар – халық санының өсуі, халықтың қартаюы, халықаралық көші-қон және урбанизация. Жалпы, өмір сүру ұзақтығының артуы әр елдегі егде жастағы адамдар санының көбеюіне, сондай-ақ халық ішіндегі қарттардың үлесінің өсуіне әкеледі. БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, халықтың қартаю үрдісі кедейлікті жою, кез келген жаста салауатты өмір салты мен әл-ауқатты қамтамасыз ету, гендерлік теңдікке ықпалдасу, толық және өнімді жұмыспен қамту, елдер арасындағы және олардың ішіндегі теңсіздікті қысқарту мақсаттары үшін аса өзекті. Сондай-ақ қалалар мен елді мекендерді инклюзивті, қауіпсіз, орнықты қылуға септігін тигізеді. ҚР Мемлекет Басшысының Жолдауы мен тапсырмаларында, Үкімет бағдарламаларында зейнетақы реформасын жүргізу, оны көтеру, әлеуметтік топтарды қолдау шаралары жан-жақты қарастырылған.